Шетелдегі соғысқа қатысқан қазақстандықтар қатаң жазаланады – ІІМ

Редактор
08.04.2025, 16:38
Шетелдегі соғысқа қатысқан қазақстандықтар қатаң жазаланады – ІІМ
Полиция азаматтарға ескерту жасады

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ақшалай сыйақы үшін басқа мемлекеттердің қарулы күштерімен келісімшартқа отыруды ұсынатын жарнамалар мен бейнероликтер шыға бастады. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа қайшы қатысқаны үшін (ҚР ҚК 172-бабы) бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Жалдамалылық үшін (ҚР ҚК 170-бабы) іс-әрекеттің ауырлығына қарай жеті жылдан бастап, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – делінген хабарламада.

ІІМ азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға және құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырады.