Шерзат Полаттың отбасы адвокаттардан бас тарту туралы шешім қабылдамағанын жеткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Марқұмның әпкесі Перизат Нұрымованың айтуынша, бұндай бастаманы марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Нүкенов көтерген.
Ол Қаржаубайдың анасына дөрекі сөйлеп, артық кеткен. Осыдан кейін Қаржаубай Айтбекке: «Егер келіспесек, қорғаушылармен келісімшартты бұзамын» деп ескерткен, – дейді Перизат Нұрымова.
Сонымен қатар, отбасы Айтым Амангелдінің алдағы істерге араласуын қажет деп санамайтынын мәлімдеді.
Ал танымал қоғам белсендісі Жан Ахмадиевтің айтуынша, жаңа адвокаттар істі бұрынғы заңгерлермен бірлесе жүргізуге дайын.
Сіздер Шерзаттың отбасы адвокаттардан бас тартты деген ақпаратты оқыған боларсыздар. Бірақ Шерзаттың әкесі Каржаубай мен анасы Гүлбара адвокаттардан емес, Айтбек Нүкеновтен байланысын үзуге ниетті болған. Бұл жайтты көпшілік дұрыс түсінбей жатыр, – деді Ахмадиев Instagram парақшасында.
Ол сондай-ақ істі елдегі ең мықты адвокаттардың бірі Мейрман Шекеев пен Жандос Балманов жүргізетінін айтты.
Мейірман Шекеев бұл ақпаратты растады:
Каржаубай мен Гүлбара ханым біздің компанияға сенім білдіріп, сенімхат жазып берді. Сотта Шерзаттың мүддесін қорғаймыз. Егер көмек қолын созамын дейтін басқа да адвокаттар болса, біз олармен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Мейірман Шекеев.
Оның айтуынша, екі күн бұрын атышулы істің материалдарын сұратқанымен, әлі күнге дейін қолдарына тимеген.