Астанада шенеуніктерге бірнеше рет пара берген тұрғын 7 жылға сотталды. Бұл туралы қала прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, бұған дейін ол сот үкімімен бұл қылмысы үшін 240,3 млн теңге көлемінде айыппұл жазасына сотталған. Кінәлі азамат 196 млн теңге мөлшерінде айыппұлды ішінара төлеу туралы сот орындаушысына түбіртектердің көшірмелерін табыстаған. Нұра ауданы прокуратурасының талдауы барысында бұл сома мемлекет кірісіне түспегені, ал айыппұлдың төленбегені анықталды. Берілген түбіртек жалған екені расталды.
Аудан прокуратурасының нұсқауы бойынша сот орындаушысы айыппұлды бас бостандығынан айыруға ауыстыру жөнінде сотқа жүгініп, ұсыныс қанағаттандырылды. Сотпен айыппұл жазасы 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Жалған түбіртектерді беру фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.