Мемлекет басшысы Ұлытау облысында қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
"Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді. Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді", - деп хабарлады Ақорда.
Сондай-ақ, премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.
Қазір аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті.
«Жомарт» кеніші Жезқазғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі.
«Қазақмыс» корпорациясының ірі акционері – Kazakhmys Copper.