«Салық саясатын қатаңдатпаймыз»: Президент жаңа кодекстің маңызын түсіндірді

Редактор
11.04.2025, 22:56
«Салық саясатын қатаңдатпаймыз»: Президент жаңа кодекстің маңызын түсіндірді
Мемлекет басшысы құжат ретке келтірілетінін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын атап өтіп, оның басты міндеті түсінікті, тұрақты және әділ салық саясатын қалыптастыру екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Президенттің айтуынша, қазіргі Салық кодексі тым күрделі құжатқа айналып, көптеген өзгертулер мен ерекшеліктерге толып кеткен. Бұл кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің заңды әртүрлі түсінуіне себеп болып отыр.

Шын мәнінде, біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз. Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты президент жаңа Салық кодексін әзірлеу кезінде барлық тараптардың мүддесін ескеруді тапсырды. Ол бизнес өкілдеріне де, мемлекетке де тиімді болуға тиіс.

Президент салық жеңілдіктерінің бастапқыда экономиканың белгілі бір салаларын қолдау үшін енгізілгенін, бірақ уақыт өте келе бұл жүйенің әділетсіз сипат алып кеткенін атап өтті. Кәсіпкерлер жеңілдіктерді пайдаланып, бизнестерін ұсақ бөліктерге бөліп, салықтан жалтару жағдайлары жиілеген.

Қазақстан жаппай офшор аймағына айналып кетпеуі керек. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа Салық кодексінің бизнеске салықты дұрыс төлеуге ынталандыруы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қосымша салық түсімдері елдің даму бюджетіне бағытталады. Бұл қаржы жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға жұмсалады.

Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ, – деді Президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі өзгерістерді жүзеге асыру үшін халықтың ауызбіршілігі аса маңызды екенін ерекше атап өтті.

Халқымызда «Ырыс ынтымақты елге барады» деген жақсы сөз бар. Ұйыса білген ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыру өте маңызды, – деді мемлекет басшысы.

Жаңа Салық кодексі қазіргі уақытта Парламентте қаралып жатыр. Құжат қабылданғаннан кейін салық жүйесі жеңілдеп, ашық әрі әділ сипатқа ие болады деп күтіледі.