Премьер-министр Олжас Бектенов экономика және кәсіпкерлік саласындағы сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу бойынша Үкіметтің экономикалық блогының шаралары мен тәсілдерін талқылады.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздегі қазіргі экономикалық жағдай туралы баяндап, өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлерде өсімнің жаңа мүмкіндіктерін іске қосу жөніндегі міндеттерді шешу үшін салық-бюджет реформасын жүргізу тәсілдерін айтты.
Кездесуге қатысушылар мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру және оларды тиімді пайдалану шаралары бекітілген жаңа Салық және Бюджет кодекстері жобаларын талқылады.
Премьер-министр кездесуге қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне салық-бюджет саласын реформалау мәселелері бойынша айтылған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.
Президент нақты секторды дамытуды күшейте отырып, экономика құрылымын өзгерту міндетін қойды. Сондықтан талқыланатын реформалар еліміз үшін маңызды. Салық-бюджет реформасы экономиканы одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жетілдірудің пәрменді тетігі болмақ, –деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет экономикалық өсуді ынталандырудың барынша тиімді шараларын пысықтау үшін сарапшылармен белсенді түрде жұмыс істеуді жалғастырып жатыр.