Көлік қызметкерлері күні қарсаңында Шалқар қаласында күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, теміржол саласының өкілдері, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Асылбек Есенбаев теміржол инфрақұрылымы нысандарын жаңғырту өңірді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол инфрақұрылымы нысандарын жаңарту жобалары жүзеге асырылуда. Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бүгін біз өңірдегі маңызды көлік тораптарының бірі саналатын Шалқар қаласының вокзалын пайдалануға беріп отырмыз. Бұл нысан аудан тұрғындары үшін аса маңызды. Теміржол Шалқардың дамуына әрдайым ерекше үлес қосып, өңірді еліміздің өзге аймақтарымен байланыстырып келеді. Жолаушыларға қолайлы әрі заманауи жағдай жасау – халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың бір бөлігі. Осындай жобалардың жүзеге асырылуы облыс әкімі Асхат Шахаровтың ерекше бақылауында», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ол теміржол саласының ардагерлері, қызметкерлері және Шалқар ауданының тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, стансаның өңірдің дамуындағы тарихи рөлін атап өтті.
Сондай-ақ Асылбек Есенбаев жобаны қолдаған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығына, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне және құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы орындаған «СК-Ретма» мердігер ұйымына алғыс білдірді.

Шалқар стансасының тарихы бір ғасырдан аса уақытты қамтиды. Ол өңірдегі маңызды теміржол магистральдарының бірі әрі еліміз үшін стратегиялық маңызы бар нысан саналады. Күрделі жөндеуден кейін вокзал ғимараты толық жаңартылып, заманауи күту залдары, ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалды, инженерлік жүйелер толықтай жаңартылды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі» филиалы директорының орынбасары Орал Уксакбаев вокзал инфрақұрылымын жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталғанын айтты.
«Бүгінде Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның аясында республика бойынша 124 нысан жаңартылуда. Негізгі мақсат – жолаушыларға, оның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы, заманауи әрі қолжетімді жағдай жасау. Ақтөбе облысында Ақтөбе, Алға, Жем, Қандыағаш, Қарауылкелді, Шалқар және Шұбарқұдық вокзалдары жаңғыртылуда. Шалқар вокзалы ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген нысандардың бірі еді. Оның жүз жылдық тарихында жолаушылар инфрақұрылымына қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерді. Сондықтан бүгінгі жаңғырту нәтижесінде аудан тұрғындары мен қонақтары үшін заман талабына сай қолайлы жағдай жасалды. Ғимараттың жалпы ауданы екі есеге жуық ұлғайып, 833,6 шаршы метрді құрады. Сондай-ақ жолаушыларға арналған жаңа күту залдары мен қажетті қызметтік бөлмелер ашылды. Сонымен қатар бүгін Шұбарқұдық вокзалы да пайдалануға беріледі. Ал Ақтөбе вокзалын тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Қалған жобалар да алдағы айларда толық аяқталады», – деді Орал Уксакбаев.
Вокзалдың ашылуы аудан тұрғындары үшін маңызды оқиға болды. Олардың қатарында станса тарихымен тағдыры біте қайнасқан теміржол саласының ардагерлері де бар.

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, құрметті теміржолшы, Шалқар ауданының Құрметті азаматы Жеткерген Өтегенов станса тарихы көптеген әулеттердің өмірімен тығыз байланысты екенін сөз етті.
«Біз, Шалқар тұрғындары үшін вокзал – жай ғана ғимарат емес. Бұл – туған өлкеміздің тарихының бір бөлігі. Өткен ғасырдың басында салынған көне вокзал талай жыл бойы адамдарды қарсы алып, шығарып салып, теміржолмен бірге қаланың да дамуына куә болды. Оның құрылысына біздің ата-бабаларымыз атсалысқан. Бұл нысан бірнеше буын теміржолшылардың еңбегінің куәсі. Мен теміржол саласына 1973 жылы келіп, бар ғұмырымды осы кәсіпке арнадым. Біздің әулетте атам, әкем, жұбайым еңбек етті, бүгінде балаларым да осы салада жұмыс істейді. Шалқарда осындай заманауи вокзалдың ашылғанына өте қуаныштымын. Ол өңірдің теміржол тарихын лайықты жалғастырады», – деді ардагер.
Ашылу салтанатына келген тұрғындардың қатарында кішкентай, мүгедектігі бар Дана Бақытжан да болды. Оның айтуынша, жаңа вокзалда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолайлы жағдайлардың жасалуы ерекше маңызды.
«Жаңа вокзал маған өте ұнады. Мұнда бәрі кең, жарық әрі ыңғайлы. Демалатын орындар, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдайлар қарастырылған. Енді жолаушылар үшін әлдеқайда жайлы болады», – деді Дана Бақытжан.
Шалқар тұрғыны Мағжан Жоламанов та аудан халқы бұл күнді көптен күткенін жеткізді.
«Біз бұл күнді ұзақ күттік. Бүгін вокзалдың жөндеуден кейінгі келбетін көруге келдік. Енді жолаушылар қажетті қызметтерді алу үшін сыртқа шығуға мәжбүр болмайды. Ғимарат ішінде ана мен бала бөлмесі, жайлы демалыс орындары және тұрғындарға арналған барлық қажетті жағдай жасалған. Ауданымызда осындай заманауи нысанның ашылғанына қуаныштымыз», – деді ақсақал.
Жаңартылған вокзал өңірдегі ең көне теміржол стансаларының бірінің тарихын жалғастырып, өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып, жолаушыларға заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін маңызды инфрақұрылым нысанына айналды.