Руслан Берденовке қастандық: Саяси астары бар ма?

Редактор
23.04.2025, 17:04
Руслан Берденовке қастандық: Саяси астары бар ма?
Мәжілісмен ешбір нұсқаға сенбейтінін айтты

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ ату ісінен саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Бұл туралы депутат Айдарбек Ходжаназаров айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оған үш рет оқ атты. Бұндай жарақаттан кейін аман қалу өте қиын. Өз-өзіне келуі біраз уақыт алады. Мен өзім де қатты уайымдап қалдым. Себебі Руслан мырза спортқа, дене шынықтыруға деген көзқарасы бөлек қой. Бұл жерде ешқандай саяси астар іздеудің керегі жоқ. Бұл – жеке бас мәселесі. Мен айтылып жатқан ешбір нұсқаға сенбеймін, қарапайым ғана тұрмыстық қылмыс деп ойлаймын. Жағдайға байланысты түрлі ойлар, нұсқалар айтылып жатыр, бірақ менің ойымша, мұның бәрі оқ атқан адамның өзін ақтап алу үшін жасаған дүниесі. Мәселенің анық-қанығын анықтауды құзырлы органдарға тапсырғанымыз жөн деп есептеймін, – деді Айдарбек Ходжаназаров.

Еске сала кетсек, 21 сәуірде шамамен 20:30-да Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты маңында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылғанын хабарлаған болатынбыз. Оған төрт сағаттан астам уақытқа созылған ота жасалып, науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланған еді.