Құрылтайға Respublica партиясынан кімдер мандат алғаны белгілі болды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Respublica партиясынан Құрылтайға келесі 9 депутат кіреді:
Айдарбек Ходжаназаров – Respublica партиясының төрағасы.
Саясатқа келгенге дейін аграрлық және квазимемлекеттік секторларда басшылық қызметтер атқарған:
2016–2017 жылдары – «СПК Astana» ҰК» АҚ басқарма төрағасы;
2017–2023 жылдары – «ОлжаАгро» ЖШС бас директоры.
2025 жылғы қазаннан бастап Ходжаназаров парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі. 2026 жылғы қаңтардан бастап – конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі.
Олжас Куспеков – партия төрағасының орынбасары. 2020 жылдан бері Білім беруді дамыту және зерттеу қауымдастығын басқарады. Бұған дейін U-FUTURE компаниясын басқарған және бірқатар компаниялардың бақылау кеңестерінің құрамында болған. VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты.
Махамбет Хасенов – 2012 жылдан бері «Нефтебаза Альмерек» ЖШС бас директоры. Бұған дейін қаржы секторында басшылық қызметтер атқарған. Мысалы, 2016–2018 жылдары «Астана Банкі» АҚ вице-президенті әрі директорлар кеңесінің мүшесі болды.
2025 жылғы мамырдан бері – Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы. Сондай-ақ VI шақырылымдағы Алматы мәслихатының депутаты болған. 2026 жылы алғаш рет Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды.
Динара Наумова – VIII шақырылымдағы Мәжілістің бұрынғы депутаты. 2022 жылы Қазақстандағы Инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығының президенті атанып, Қабанбай батыр ауылында елдегі алғашқы инклюзивті фитнес-орталықтың негізін қалады.
Екатерина Смолякова – VIII шақырылымдағы Мәжілістің бұрынғы депутаты. Парламентке келгенге дейін білім беру саласында қызмет атқарған. Қазақстан-Британ техникалық университетінде (ҚБТУ) оқытушы болып жұмыс істеп, мансап орталығы мен қабылдау комиссиясын басқарған. Кейін әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары, одан соң проректор болды. 2019–2025 жылдары ҚБТУ басқарма құрамында болды.
2025–2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды.
Нұргүл Тау – VIII шақырылымдағы Мәжілістің бұрынғы депутаты. Парламентке келгенге дейін Алматыдағы білім беру саласында көп жыл жұмыс істеген. Қазақстан-Ресей инженерлік-экономикалық колледжінде, кейін қалалық білім басқармасы жүйесінде – бас маманнан бастап тәрбие және мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысына дейін қызмет атқарған.
2023–2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты әрі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы болды.
Бекжан Айтқұлов – партияның Түркістан облыстық филиалының жетекшісі. Өнеркәсіп кәсіпорындарын, соның ішінде алюминий өндірумен айналысқан «Цветлит» ЖШС мен «ASTROTECH HOLDING» ЖШС-ін басқарған.
Айтқұловтың депутаттық тәжірибесі де бар. Ол Түркістан облыстық мәслихатының депутаты болды: алдымен «Нұр Отан» партиясынан, кейін Amanat партиясынан сайланды.
Руслан Идрисов – қазақстандық кәсіпкер, Global Foods компаниясының негізін қалаушы және VIII шақырылымдағы Алматы мәслихатының депутаты. Алматы қаласының джиу-джитсу федерациясын басқарады.
Мейрхат Қасымбаев – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы. Компанияны 2022 жылғы ақпаннан 2023 жылғы қазанға дейін басқарды. Сондай-ақ IQana білім беру қорының қамқоршысы. 2026 жылғы шілдеде партияның партиялық тізімі бойынша Құрылтай депутаттығына кандидат болды.