Қытай компаниясы елімізде 3 млн тонна болат өндіретін комбинат салады

Редактор
27 февр. 2025 г., 21:35
Қытай компаниясы елімізде 3 млн тонна болат өндіретін комбинат салады

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытайдағы жетекші металлургия компанияларының бірі Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцянмен кездесті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Кездесудің басты тақырыбы Жамбыл облысындағы Jibek Joly арнайы экономикалық аймағы аумағында қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия комбинатын салу жобасын іске асыру болды. Қытайлық инвестор жалпы инвестиция көлемін 1,2 млрд долларға бағалап отыр, жоба шеңберінде 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Құрылыс 2025 жылдың сәуірінде басталады деп жоспарланған.

Инвестордың жоспарына сәйкес, бірінші кезеңде 2027 жылы өндіріс қуаты 1 млн тонна болатты құраса, ал инвестиция көлемі 160,2 млрд теңгеге жетеді. 2029 жылға қарай өнім шығару 3 млн тоннаға дейін артып, қосымша инвестиция көлемі 312,8 млрд теңгені құрайды.

Өндіріске қазақстандық шикізат: Қарағанды, Қостанай және Ұлытау облыстарында өндірілетін табиғи газ және темір рудалары, сондай-ақ әктас пайдаланылады. Нәтижесінде, кәсіпорында катанка, арматура, құбыр өндірісіне арналған жолақты болат, сондай-ақ бұрышты және профилді болат сияқты өнімдердің кең ауқымын шығару жоспарланып отыр. Жобаны іске асырудың екінші кезеңі аясында металлургия зауытының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қуаты 350 МВт газ турбиналы электр стансасын салу көзделген, оған инвестор 201,3 млрд теңге қаржы бөледі, – делінген Үкімет хабарламасында.