«Қиямет күні азапқа тартылады»: Мүфтият суретшілерге қатысты пәтуа шығарды

Редактор
20 янв. 2025 г., 20:25
«Қиямет күні азапқа тартылады»: Мүфтият суретшілерге қатысты пәтуа шығарды

ҚМДБ ғұламалар кеңесі сурет салуға қатысты пәтуа шығарды. Берілген пәтуада сурет салудың екі түрлі үкімі бар екені айтылған.

Жансыз заттардың суретін салу

Төрт мәзһабтың (ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали) ғалымдары жансыз нәрселердің суретін салуға рұқсат етілгендігіне бірауыздан келіскен. Ибн Аббастан жеткен риуаятта сурет салушыға: «Бұдан басқа жұмыс жасай алмасаң, мына ағаштың суретін немесе кез келген жансыз затты бейнеленген», – делінген.

Тірі жанның суретін салу

Бұл – ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Жұмһур (ханафи, шафиғи, ханбали) ғалымдары тірі жанның толық бейнесін салуға тыйым салған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қиямет күні қатты азапқа тартылатындар – суретшілер» – деген.
«Осы ретте заманымыздың ғалымдары ойыншыққа салыстыра отырып білім беру мақсатында жаны бар нәрсенің суретін салуға рұқсат берген. Сондай-ақ тәрбиелік мәні бар, пайдалы, шариғаттың қағидаттарына қайшы келмейтін мултьфильмдерді шығаруға да рұқсат етіледі», - делінген пәтуада.

Шешім:

Жансыз заттың суретін салуға рұқсат етіледі.
Білім беруде, ғылыми мақсатта жаны бар нәрсенің суретін салудың оқасы жоқ.
Тәрбиелік мәні бар, шариғаттың қағидаттарына қайшы келмейтін мултьфильмдерді шығаруға болады.
Пайғамбарлардың бейнесін бейнелеу – харам.