«Қазақстандық ғалымдар қайда?»: экс-министр Назарбаев Университетінің басты кемшілігін атады

Редактор
08.03.2025, 01:01
«Қазақстандық ғалымдар қайда?»: экс-министр Назарбаев Университетінің басты кемшілігін атады
Депутаттың айтуынша, білім ордасының қазіргі басшылығы рейтингтерге басымдық беріп отыр

Назарбаев Университетінде шетелдік профессорлар мен басшыларға баса мән беріліп, қазақстандық мамандар тек көмекші персонал ретінде ғана қызмет етеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі арнасына жазды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, білім ордасының қазіргі басшылығы рейтингтерге басымдық беріп отыр.

Университет тек рейтинг үшін жұмыс істей бастағанда, басты назар басқа бағытқа ауысады. Иә, халықаралық тізімдерде жоғары орын алу – бедел мен мәртебе тұрғысынан маңызды. Бірақ білім беру жүйесінде басқа да көрсеткіштер ескерілуі тиіс. Оның үстіне, бүгінгі нәтижелер осыдан 5–6 жыл бұрынғы жұмыстың жемісі, – деп сынады Асхат Аймағамбетов.

Депутат Білім беру мектебі көрсетіп отырған жетістіктер – жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен жүйеліліктің, сабақтастықтың нәтижесі деген пікірде. Айтуынша, бұл факультетті басқаратын жалғыз қазақстандық азамат – университеттің жетекші құрамындағы жалғыз жергілікті маман.

Түсінемін, рейтингтер – университет басшылығы үшін табысты көрсететін әдемі статистика және түйіндеме үшін жақсы көрінетін көрсеткіштер. Бірақ тепе-теңдік сақталуы керек. Қазақстандық ғалымдар қайда?

Университет алғаш құрылғанда, ол шетелдік профессорлар мен менеджерлердің көмегімен дамыды. Алғашқы кезеңде бұл орынды шешім болды. Бірақ 15 жылдан астам уақыт өтті. Логикалық тұрғыдан алғанда, қазақстандық ғалымдар мен басқарушылардың академиялық ортаға біртіндеп интеграциялануын күтуіміз керек еді. Әрине, шетелдік профессорлар мен басшылардың үлесі сақталуы керек, бірақ қазақстандық мамандар үшін де мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Бұл жерде де баланс қажет, – деді Асхат Аймағамбетов.

Экс-министр қазақстандық қызметкерлер әлі күнге дейін негізінен әкімшілік блоктарда жұмыс істейтініне ашынды.

Олар көбінесе көмекші персонал ретінде ғана қызмет атқарады. Бұл саясат бізге таныс емес пе? Ал бізде Лига плюща, Оксфорд, MIT және әлемнің жетекші университеттерінде білім алған, тәжірибе жинақтаған жоғары деңгейлі мамандар бар. Неге олар Назарбаев Университетінің академиялық негізінің бір бөлігі бола алмайды? Қазір университеттегі декандардың ішінен тек біреуі ғана – Қазақстан азаматы. Провост немесе басқа факультет декандары қазақстандық емес.

Нағыз сапалы білім – бұл тек әдемі есептер мен рейтингтер емес. Университеттің шынайы күші мен беделі оны қалыптастыратын адамдарға байланысты. Назарбаев Университеті – ерекше платформа. Бірақ егер ол елдің білім беру экожүйесінің ажырамас бөлігі болғысы келсе, онда жабық клуб моделінен бас тартып, қазақстандық ғалымдар мен басқарушыларды белсенді түрде тартуы керек. Өз тәжірибесін кеңірек таратып, қазақстандық мектептер мен жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатуы қажет, – деп жазды депутат.

Асхат Аймағамбетовтың пәкірінше, елімізде жоғары білім беру менеджментінде және ғылымда мықты мамандардың тұтас бір буыны бар. Бірақ олар өз идеяларын іске асыратын және шынайы үлес қоса алатын кеңістік таппай отыр.

Бұл – үлкен мәселе. Егер ол шешілмесе, Назарбаев Университеті маңызды, қажет және пайдалы жоба болып қала береді, бірақ сонымен бірге елдің жалпы білім беру жүйесіне толыққанды әсер ете алмайтын, біршама оқшауланған құрылым болып қала бермек, – деп түйіндеді сөзін депутат.