Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тауық жұмыртқаларын әкелуге уақытша тыйым салды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
2025 жылғы 4 сәуірден бастап күшіне енген жаңа қаулыға сәйкес, елімізге барлық көлік түрлерімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауық жұмыртқаларын (СЭҚ ТН: 040721) жеткізу алты айға тоқтатылады.
Бұл шара көктемгі-жазғы маусымда отандық өндірушілерді қорғау үшін қабылданды. Себебі дәл осы кезеңде жұмыртқаға сұраныс төмендеп, баға өзіндік құнынан төмендеп кетуі мүмкін, бұл құс фабрикаларының қаржылық тұрақтылығына кері әсер етеді. Сонымен қатар, жазғы уақытта сақтау мерзімінің қысқаруы да қоймаларда артық қор жинақталуына себеп болады.
Айта кетсек, бұл тыйым транзиттік тасымалға әсер етпейді: тауық жұмыртқалары Қазақстан аумағы арқылы басқа ЕАЭО елдеріне кедергісіз өте алады.
Мемлекеттік органдар бұл шешім арқылы ішкі нарық тұрақтылығын сақтауды және жергілікті кәсіпорындарды қолдауды көздеп отыр.