Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктер соңғы үш жылда өз елдеріне 1 трлн теңге аударған

Редактор
21 янв. 2025 г., 16:38
Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктер соңғы үш жылда өз елдеріне 1 трлн теңге аударған

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатаның отырысы өтті. Отырыста жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесі сөз болды. 

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, экономиканың көлеңкелі секторы елдің дамуына теріс әсер етіп отыр. Сонымен қатар шағын және орта бизнестің өсуіне кедергі келтіріп, адал бәсекелестік деңгейін төмендетіп жіберген. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді азайтып отыр.

"Мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс істемейді. Кешенді жоспарлар көлеңкелі экономиканы төмендетуге жеткілікті деңгейде бағытталмаған. Іс-шаралар пысықталмаған, кейбіреулері іс жүзінде орындалмай бақылаудан алынады. Олардың көлеңкелі экономиканың төмендеуіне тигізетін әсеріне бағалау жүргізілмейді. Аудит елімізде жасырын айналым көлемі едәуір екенін көрсетті, - деп атап өтті Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов отырыс барысында.

Сондай-ақ осындай кемшіліктің салдарынан күмәнді жайтардың көбейгенін айтады. 

"Жүргізілген талдау негізінде мемлекеттік аудит көлеңкелі айналымға бейім тұрған тәуекелі жоғары бірқатар сала мен бағытты анықтады. Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша Орталық Азияның үш елінің азаматтары Қазақстанда үш жыл ішінде 136 млрд теңге табыс тапқан. Алайда Ұлттық Банктің ақпараты бойынша осы уақыт ішінде олар өз елдеріне жалпы 1 трлн теңге аударған. Яғни, «көлеңкелі» тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер болу ықтималдығы жоғары",- дейді ол.