Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстандағы алғашқы емшек сүтінің жеке банкі ашылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл әлеуметтік жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен және AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен іске асырылып жатыр. Ол ең осал пациенттердің: табиғи тамақтануды тікелей анасынан ала алмайтын ерекше медициналық қажеттіліктері бар шала туған және жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға бағытталған.
Емшек сүтінің жеке банкі - бұл қарқынды терапияны қажет ететін жаңа туған нәрестелерді қолдауға бағытталған маңызды бастама. Аурухана жағдайында, нәресте әртүрлі себептермен анасынан емшек сүтін ала алмаған кезде (мысалы, қиын босану кезіндегі медициналық көрсетілімдерге байланысты), мұндай банк таптырмас ресурсқа айналады, – делінген министрлік хабарламасында.
Реанимациядағы жаңа туған нәрестелерінен мәжбүрлі түрде бөлінген аналарға қолдау көрсету өте маңызды. Емшек сүтін қауіпсіз сауу және сақтау процесін ұйымдастыру нәрестелерді құнды тамақпен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар лактацияны сақтауға, аналардағы стресті азайтуға және ауыр, қиын босанғаннан кейін де баламен байланысын нығайтуға көмектеседі.
Емшек сүтін сауу мейіргердің бақылауымен міндетті таңбалануы бар стерилді жеке ыдыстарда (сауу күні мен уақыты) жүзеге асырылады. Жеке және клиникалық емшек сорғыларын пайдалануға рұқсат етіледі. Барлық іс-шаралар санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі.
Банк стерилді ыдыстарға жиналған және емшек сүтімен қоректендіру мүмкін болмаған кезде баланы тамақтандыру үшін төмен температурада сақталатын сауылған сүт қоры болып табылады. Мұнда салқындатылған (4 ± 2 °C температурада сақталған) және мұздатылған (-18...-20 °C температурада) сауылған табиғи (шикі) сүтті сақтауға болады, – делінген хабарламада.
Болашақта Денсаулық сақтау министрлігі жоғары қауіпті факторлары бар жүкті әйелдер келетін және шала туған және салмағы аз балалар туатын елдің әрбір 3-ші деңгейдегі перинаталдық орталығында осындай банктер ашуды жоспарлап отыр.