Қазақстанда электрондық сауда көлемі 5 есе артқан

Редактор
13 янв. 2025 г., 15:33
Қазақстанда электрондық сауда көлемі 5 есе артқан

Қазақстандықтар онлайн-сатып алуға көбірек ақша жұмсай бастады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Үкімет отырысында айтты.

Ведомство басшысының айтуынша, 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша азаматтар 3,2 трлн теңге жұмсаған.

2020 жылдан бастап еліміздегі электрондық сауда көлемі бес есе ұлғайған. Алайда, бұл әлі де әлемдік орташа деңгейден төмен. Десе де, жастар санының көптігін, финтехтің дамуын, интернеттің қолжетімділігін және қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың кең таралуын ескере келгенде, Қазақстанда интернет-сауданы дамытудың жоғары әлеуеті бар. 2029 жылға қарай электрондық сауда көрсеткішін үш есе ұлғайту және оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр, – деді Арман Шаққалиев.

Бұл саланы ілгерілету үшін Үкімет онлайн-коммерцияны дамыту жоспарын қабылдады. Ол электрондық сауда мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруді, еліміздің барлық өңірлерінде электрондық сауданы оқыту курстарын іске қосуды, кәсіпкерлер үшін электрондық саудада мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын енгізуді көздейді.