Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранда Қазақстан мен Иранның бизнес-форумы өтті. Оған 50-ден астам қазақстандық кәсіпкер мен 230 ирандық бизнес өкілі жиналды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Форум Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Иранның ауыл шаруашылығы министрі Голамрез Нури Гезельдженің төрағалығымен ұйымдастырылды. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастық үшін елеулі әлеуетке ие екенін айтып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Форум аясында B2B кездесулер, сондай-ақ келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы барысында жалпы сомасы 92,8 млн АҚШ долларына 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды, бұл Иран мен Қазақстан арасындағы сауда қатынастарын нығайтудағы маңызды қадам. Өз кезегінде Қазақстан Иран нарығына 250 млн доллар сомасына 75 өнім түрін жеткізуге дайын екенін білдірді, – делінген хабарламада.
Жұмыс сапары аясында Арман Шаққалиев Иранның орталық мемлекеттік органдарының өкілдерімен, соның ішінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шахталар және сауда министрлерімен, сондай-ақ жол және қала құрылысы министрімен келіссөздер жүргізді.
Иранның ауыл шаруашылығы министрі Голамреза Нури Гезельджемен кездесуде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы« АҚ Бас директоры Айтмұхамед Алдажаров Тегеранда Қазақстанның «QazTrade» тауарлар мен қызметтер экспортын ілгерілету жөніндегі ұлттық институтының серіктестік кеңсесін ашуды ұсынды. Бұл кеңсе қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа серіктестер табуға және Иран нарығында өнімді тиімді жылжытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сапар барысында Қазақстанның сауда министрі Иранның 100 ірі кәсіпкерін қамтитын «Корафарин» кәсіпкерлер кеңесімен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай - ақ химия өнеркәсібінен тоқыма және орман өнеркәсібіне дейінгі әртүрлі салалардағы тауарлар өндірісі мен сұранысына қатысты мәселелер талқыланды.
Арман Шаққалиевтің жұмыс сапары Каспий өңірі елдерінің сауда-өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы ынтымақтастығын дамытуға арналған үшінші Каспий экономикалық форумының пленарлық сессиясына қатысуымен жалғасуда. Министр өтпелі тарифтерді белгілеу, жүктерді декларациялау, бірыңғай IT-шешімдерді қолдану және транзиттік жүктерді шығару мәселелерін талқылай отырып, ТМТ дәлізі шеңберінде бірлескен жұмысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Арман Шаққалиев Қазақстанның транзиттік және экспорттық мүмкіндіктері көрші елдердің инфрақұрылымдық мүмкіндіктеріне де байланысты екенін айтты.