АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарды аулау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тек өткен бір тәулікте 1179 заңсыз мигрант ұсталған.
Желіде АҚШ билігі елде заңсыз жүргендердің тізімін жасап жатыр деген ақпараттар тарап жатыр. Онда бұл тізімде 369 қазақстан азаматы бар екені айтылады:
АҚШ билігі заңсыз мигранттар ретінде елден шығарылуға тиіс азаматтардың тізімін жариялады. 1,4 миллион адамның ішінде 369 отандасымыз бар.
Депортациялануға жататындардың арасында Гондурас (261 651), Гватемала (253 413), Мексика (252 044) және Сальвадор (203 822) азаматтары көш бастап тұр.
Тізімде Орталық Азия елдері азаматтарының да аты аталады: Өзбекстан (975), Қырғызстан (319), Тәжікстан (149) және Түркменстан (40),
Алайда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл ақпаратты жоққа шығарып, түсініктеме берді.
Айтуынша, бұл ресми ақпарат емес.
"Бұл 2024 жылы 11 желтоқсанда Fox News арнасында жариялаған ақпарат. Сондықтан ол ақпарат АҚШ-тың көші-қон бойынша жаңа саясатына еш қатысы жоқ. Жалпы алғанда, депортация деген бір мемлекеттен жағымсыз тұлғаны мәжбүрлеп шығару. Мұндай депортациялау әрбір мемлекетте күнде жүзеге асырылып жатқан қалыпты іс-шара. Сондықтан ол туралы заңсыз келген басқа елдің азаматтарын шекарадан өткізбей немесе заңсыз жүрген тұлғаларды депортацияласа сол елдің билігі елшілік немесе консулдыққа хабарлауға міндетті емес", - дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.