Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Редактор
10 мар. 2025 г., 17:31
Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Қазақстандық спортшылар өткен аптада бірқатар додада алдыңғы қатардан көрінді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Дзюдо: Аустрияның Линц қаласында мәресіне жеткен әлемдік Гран-при кезеңінде Әбиба Әбужақынова (48 кг) топ жарды. Ол финалда 19 жастағы жапон дзюдошысы Сачио Йошиноны жеңді.

Пара шаңғы: Норвегияның Тронхейм қаласында өткен тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Ербол Хамитов қола жүлдегер атанды.

Шахмат: Отандық гроссмейстер Қазыбек Нөгербек Францияның Канн қаласында өткен Festival International des Jeux 2025 халықаралық шахмат турнирінде қола жүлдегер атанды.

Спорттық гимнастика: Әзербайжан астанасы Бакудегі Әлем кубогі кезеңінде Дмитрий Патанин мен Милад Карими күміс жүлдеге қол жеткізсе, Зейнолла Ыдрысов қола медаль еншіледі.

Слаломды ескек есу: Таиландтың Паттайя қаласындағы THAILAND OPEN халықаралық рейтингтік турнирінде біздің спортшылар бір алтын, екі қола жүлдеге ие болды.

Футзал: Қазақстан құрамасы Еуро-2026 іріктеу турниріндегі кезекті ойынында Албанияны 4:2 есебімен жеңді.