Астанада «Happy Life KZ» қаржылық пирамидасының әқызметі тоқтатылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратына сәйкес, күдікті әйел 2016 жылдан 2024 жылға дейін биологиялық белсенді қоспаларды сатамын деген желеумен салымшыларды тартып, оларға әр жаңа қатысушы үшін 10%-дан 300%-ға дейін табыс әкелуге уәде еткені анықталды. Салым көлемі маркетингтік стратегияға байланысты 7 500 теңгеден 2 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырған.
Тартылған қаражаттың жалпы көлемі 286 миллион теңгеден асқан. Салдарынан әйел қаржылық пирамидаға 35 адамды тартқан, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, барлық зардап шеккен адам – жеңіл табыс туралы құрғақ уәдеге сеніп қалған зейнеткерлер. Олар өз жинақтарының басқа салымшылар арасында ақша бөлу схемасының бір бөлігіне айналатынын сезбеген.
Қаржылық тергеу жүргізу барысында күдікті әйел заңсыз жолмен алынған қаражатқа элиталық тұрғын үй кешенінен 36 миллион теңге тұратын пәтер сатып алғаны анықталды. Соттың санкциясымен аталған пәтер бұғатталды, – делінген хабарламада.
Сот күдіктіге «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.