Қарағандыда бағдаршамдарды енді жасанды интеллект басқаратын болады

Редактор
3 февр. 2025 г., 20:50
Қарағандыда бағдаршамдарды енді жасанды интеллект басқаратын болады

Қарағандыда наурызда бағдаршамдарды жасанды интеллект толығымен басқаратын болады. Бұл жол кептелістерімен күресуге және трафикті жақсартуға көмектеседі, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Жүйені енгізу барысы туралы қала әкімі Мейрам Қожухов облыс әкімдігінің аппарат отырысында баяндады.

Наурызда «Ақылды бағдаршам» жүйесін енгізуді толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде барлық қажетті жабдықтар келіп жетті. Қазір оны монтаждау және барлық бағдаршамдарды жасанды интеллектпен үйлестіру жүріп жатыр, – деді Мейрам Қожухов.

Жаңа жүйе көлік ағыны қарқындылығын ескере отырып, қиылыстардағы қозғалысты реттейтін болады. Автокөлік иелері жол жүру уақытын қысқарта алады. «Ақылды бағдаршамдар» бірнеше режимде жұмыс істейді: бейімделген және «жасыл толқын».

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Мейрам Қожухов сондай-ақ 34 жаңа бағдаршам мен 10 сфералық айнаны орнату жоспары туралы хабарлады. Бұдан басқа, бағдаршамдар үшін үздіксіз қуаттандыру көздері орнатылады.

Қарағандыда жасанды интеллект көмегімен жолдағы шұңқырларды да анықтамақшы. Пилоттық режимде жол жабынын сараптау жүйесінің жобасы іске асырылып жатыр.

Команда бағдарламаның өзегін әзірледі. Қазір бейне ағын жедел жәрдем көліктерінен және жобаға қатысушылардың көліктерінен жиналады. Алынған ақпарат картада көрсетіледі. Жоба бойынша гипотезаны тексеруге жеке инвестиция саламын деушілер де табылды, – деді Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және мұрағаттар басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Компьютерлік көруге негізделген технология коммуналдық қызметтерге жолдарды нақты уақыт режимінде бақылауға көмектеседі.