Қайырымдылық қорлары қаржысының қанша пайызын әкімшілік-басқарушылық шығындарына жұмсай алады? Сондай-ақ қайырымдылық ұйымдары қанша уақытта бір өз қызметі жөнінде есеп беруі керек, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Қайырымдылық туралы» заңның 12-бабы 2-тармағына сай, қайырымдылық жасаушылар кірістерді:
1) бір жылдың ішінде бір рет немесе бірнеше рет қайырымдылық көмекке;
2) ұзақ мерзімді қайырымдылық көмекке;
3) әлеуметтік жарнаманы өткізуге жәрдемдесуге;
4) қайырымдылық ұйымының қызметін жүзеге асыруға жұмсай алады.
Қайырымдылық ұйымдарының әкімшілік-басқарушылық шығындарының сомасы Заңмен регламенттелмеген, оны сол ұйымның басқарушы органы белгілейді.
Сондай-ақ, осы заңның 20-бабы 5-тармағында: «Басқарушы компанияның нысаналы капиталды (эндаументті) басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты әкімшілік-басқарушылық шығыстары нысаналы капиталдың (эндаументтің) жылдық кіріс сомасының жиырма пайызынан аспайды» деп жазылған.
Ал «Қайырымдылық туралы» заңның 8-бабы 2-тармағы 3-1 бөлігіне сай, қайырымдылық ұйымдары жылына бір реттен сиретпей орындалған қайырымдылық бағдарламасы туралы есепті бұқаралық ақпарат құралдарында немесе қайырымдылық ұйымының интернет-ресурсында жариялауға міндетті.
Есепте қайырымдылық бағдарламасын орындау шеңберіндегі кірістер мен шығыстар, қол жеткізілген мақсаттар туралы қысқаша ақпарат қамтылуға тиіс.
Сондай-ақ ҮЕҰ, соның ішінде қайырымдылық ұйымдары жыл сайын 31 наурызға дейін өз қызметі туралы есепті Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына (ҮЕҰ МБ) ұсынады.