«Профилактика жылы»: ІІМ 2025 жылғы қызметтің басты бағытын айқындады

Редактор
13 янв. 2025 г., 17:36
«Профилактика жылы»: ІІМ 2025 жылғы қызметтің басты бағытын айқындады

Ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Бұл туралы ол ведомствода өткен кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.

Жиында 2024 жылғы жұмыстың нәтижесі талқыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.

Өткен жылы қабылданған кешенді шаралардың арқасында елімізде қылмыс саны 12,5 мыңға, ал жалпы қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 8 мыңға азайған. Аса қауіпті қылмыстардың, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, мал ұрлығы, алаяқтық, қарақшылық және тонау қылмыстары төмендеген, – делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ, жасөспірімдермен, қоғамдық орындарда және қару қолдану арқылы жасалған қылмыстардың саны азайған. Сонымен қатар заманауи тергеу әдістерін енгізудің арқасында барлық қылмыс санаттары бойынша ашылу көрсеткіші жақсарды.

Айта кету керек, 2024 жыл министрдің бастамасымен «Кадрлық әлеуетті арттыру жылы» деп жарияланған болатын. Бұл қадам полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеруге және олардың жұмыс тиімділігін жақсартуға бағытталды. Былтырғы ауқымды шаралардың бірі орта буын басшыларының кезектен тыс аттестациясы болды.

Министрліктің құрылымында есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылды. 12 ай ішінде 7920 есірткі құқықбұзушылығы анықталды, оның ішінде 3430-ы қылмыс. Шамамен 22 тонна есірткі тәркіленді. 63 есірткі зертханасы жойылды, – делінген хабарламада.

Бұған қоса ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық етіп, оған қатысудың 45 фактісі анықталып, жолы кесілді, оның ішінде үшеуі трансұлттық болған. Соңғы жылдары киберқылмысқа қарсы күрес ерекше маңызға ие. Бұл мәселені шешу үшін ведомствода бейінді департамент ашылды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін іздестіріліп жүрген 1949 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ 1361 жоғалған адамның мекенжайы анықталды, – делінген хабарламада.

Өткен жылы елде 30 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Мұндағы олқылықтарды ескере отырып, тәртіп сақшыларына жол ұйымдарымен, жергілікті атқарушы органдармен бірге жол инфрақұрылымын жақсартып, қауіпсіздік деңгейін арттырып, өрескел құқықбұзушылармен кешенді жұмыс жүргізу және цифрлық шешімдердің мүмкіндіктерін пайдалану тапсырылды. Өткен жылды қорытындылай отырып, министр әріптестеріне профилактикалық жұмыстарды күшейтуді және осы бағытқа қоғамды жұмылдыруды, жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың жолын кесіп, жергілікті жерлерде құқық тәртібін қамтамасыз етуді тапсырды.

 Бұл нәтижеге профилактикалық жұмысты басты назарға алудың арқасында жеткенімізді атап өткім келеді. Биыл осы істі белсенді түрде жалғастыру қажет. Ең бастысы – қылмыстардың алдын алу және олардың жасалуына ықпал ететін себептерді жою. 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялаймын. Ішкі істер органдарының аумақтық бөліністерінің басшыларына профилактикалық шараларды күшейту және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бойынша нақты міндеттер жүктеймін. Заң мен тәртіпті нығайту мақсатында біз қылмысқа қарсы күресті жалғастырып, заңды құрметтейтін азаматтардың құқығы мен бостандығын сенімді түрде қорғауды қамтамасыз етеміз, – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.