Қазақстанда 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 26 тамызда Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында білім саласындағы кадр тапшылығы мәселесіне тоқталды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, педагог тапшылығын шешу бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Соның нәтижесінде мұғалім мамандығын таңдайтын жастардың саны арта бастаған.
«Биылдың өзінде педагогикалық мамандықтар бойынша 12 мыңнан астам мектеп түлегі мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 2 мыңнан астамы – «Алтын белгі» иегерлері. Дегенмен кадр мәселесін түбегейлі шешу үшін әлі де ауқымды жұмыс атқару қажет. Елімізде 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұғалімдерге деген сұраныстың артуына халық санының тұрақты өсуі мен жаңа мектептердің көптеп салынуы әсер етіп отырғанын атап өтті.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне педагог тапшылығын шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.