Алматы облысында табылған полиция қызметкерінің өліміне қатысты тың деректер белгілі болды. Марқұмның жұбайы да ішкі істер органдарында қызмет атқарған, алайда биыл ақпан айында жұмыстан кеткен, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, ер адам бұған дейін де әйеліне күш көрсеткен. Әйелі бірнеше мәрте Бостандық аудандық полиция басқармасына барып, денесіндегі соққы іздерін көрсеткенімен, бұл жағдайға қатысты нақты шара қолданылмағаны айтылады.
Оқиға болған күні майор үйіне кеш оралған. Отбасында ұстара жүзіне байланысты жанжал туындап, ол кейін төбелеске ұласқан. Сол кезде үйге ерлі-зайыптылардың 15 жастағы екі ұлы мен олардың 14 жастағы досы кірген.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдердің бірі әкесінің басынан ауыр затпен ұрған. Кейін ес-түссіз жатқан ер адамды киіммен байлап қойған. Тергеу деректеріне сәйкес, оның тынысы тоқтағанға дейін байлаулы күйде жатқан.
Күдіктілер мәйітті түн ішінде көпқабатты үйдің маңында тұрған көлікке апарған. Дене көрпеге немесе жаймаға оралған болуы мүмкін. Таңға жуық көлік Алматы облысының Кеген ауданы бағытында қозғалған. Көкпек – Көктал – Кеген тас жолынан тауға қарай шамамен жарты шақырым жүргеннен кейін мәйіт өртелген.
Аталған іс бойынша марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың досы қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.