Перизат Қайрат ісі: күдіктінің тағы бір алаяқтығына қатысты тергеу басталды

Редактор
21 февр. 2025 г., 16:28
Перизат Қайрат ісі: күдіктінің тағы бір алаяқтығына қатысты тергеу басталды
Ол пайдаға кенелу үшін жалған ақпарат таратқан

2025 жылдың 23 қаңтарында Перизат Қайратқа қатысты мүгедек-балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша сотқа дейінгі жаңадан тергеу тіркелді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, Перизат Қайрат 2021 жылдың қарашасында Ақмола облысында «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Жұрттың сенімін арттыру үшін оңалту орталығына мұқтаж мүгедектігі бар балалар мен олардың ата-аналарын іс-шараға тартқан.

Перизат Қайрат тарапынан таратылған жалған деректер бойынша 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда, аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан.

Сонымен қатар, Перизат Қайрат «Батыр» қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда бұл участокты 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған.

Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр. Орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.