Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің Facebook-тегі парақшасында айтыскер қазір психолог әрі коуч ретінде танылып жүрген Айнұр Тұрсынбаеваның «Айдын Нұры» қорын тексеруді талап етті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Заңгер «Айдын Нұры» қоры Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін күмән туғызғанын атап өтті.
«Айдын Нұрын қоры дәл Перизаттың қоры сияқты мұқият тексерілуі керек деп талап етемін! Қанды Қаңтар оқиғасының алдында халықтан аямай ақша жиналды. Кейін менің тексерсін деген сұранысымнан соң қор жабыла салды. Бұл — үлкен күдік тудырады», — деп жазды заңгер.
Оның айтуынша, елде бақылаусыз қорлар көбейіп, кейбір шенеуніктер мен әкімдер кәсіпкерлерден заңды түрде ақша жинау үшін қор құруды әдетке айналдырған.
«Яғни, параны айналып өтіп, қор арқылы алады. Қайырымдылықты желеу еткен жалған қорларды жабатын уақыт келді», — деді заңгер.
Қоғам белсендісі мемлекет тарапынан мұндай әрекеттерге қатаң бақылау орнатуды, халықтың сенімін пайдаланып, ақша жымқыруға жол беріп отырғандарға шара қолдануды сұрады.