$ 463.41
 546.27
 6.18

Орал қаласы маңында 50 МВт жел электр станциясы салынады

Редактор
06.05.2026, 20:23
Фото: М. Ғұбайдуллин
Фото: М. Ғұбайдуллин
Жоба инвесторы – қытайлық компания. 

Орал қаласының маңындағы Желтауда жел электр станциясының құрылысы басталады. 6 мамыр күні облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «Green Energy Industrial Company Central Asia» ЖШС-ның бас директоры Гао Венко нысан тұрған учаскеге уақыт капсуласын орнатқанда мәлім болды, хабарлайды bairaqmedia.kz.

Соған сәйкес әрқайсысының қуаттылығы 8,35 МВт болатын 6 энергетикалық қондырғыны орнатуды көздейді. Жалпы инвестиция көлемі – 40 млн доллар.

Құрылыс барысында 50 уақытша және 5 тұрақты жұмыс орны ашылады. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылғы маусым айына жоспарланған. Бірақ аталған компания станция құрылысын келесі жылы аяқтайтынын хабарлады.

– Бүгінде облысымызда бес ірі энергия станциясы жұмыс істейді. Оның жалпы қуаты 399 МВт құрайды. Соңғы үш жылдағы сараптамаға сәйкес, өңірдегі электр тоғын тұтыну 22,7 млн кВт/сағатқа (+1,04%) өссе, ал электр энергиясын өндіру 22,0 млн кВт/сағатқа (+1,03%) артқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетика салаларын дамыту жөніндегі тапсырмасы бойынша Қазақстандағы жаңартылған энергияны 50 пайызға дейін жеткізіп, біртіндеп жасыл энергияға көшіру жоспарланған. Осыған орай, өткен жылы жел электр станциясын салу үшін 140 гектар жер телімі белгіленді. Содан кейін ҚР Энергетика министрлігі аукцион өткізді. Соның нәтижесінде «Green Energy Industrial Company Central Asia» компаниясы  жеңімпаз деп танылды.

2025 жылдың шілде айында Желтау аумағында әрқайсысының ұзындығы 140 метр болатын, жел күшін есептейтін жеті құрылғы орнатылды. Оның барлығы дерлік оң нәтиже берді. 100 метр ұзындықтан жоғары тұста желдің қуаты 7,7 м/с екені анықталды. Ғылыми тәжірибеде желдің қуаты 3-4 м/с болса, осындай электр станциясы өнімді қуат бере алатыны дәлелденген.

Электр бағаналарының ұзындығы 100 метр болса, қанаттарының радиусы – 100 метр. Келісімшартқа сәйкес құрылыс жобасы 36 ай ішінде аяқталуы қажет. Бірақ жауапты компания басшысы келер жылы станция құрылысын тәмамдап, пайдалануға берілетінін айтып отыр, – деді басқарма басшысы Б. Мусин.

Жел электр станциясын салу жобасы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ облыс экономикасына инвестиция тартуға бағытталған.

Жобаны іске қосу Батыс Қазақстан облысында «жасыл» энергетиканы дамытуға және 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 50%-ға дейін арттыру жөніндегі ұлттық мақсатқа қол жеткізуге елеулі үлес қосады.

Алты жел генераторының әрқайсысы 8,35 МВт қуат өндіруге қауқарлы. «Green Energy Industrial Company Central Asia» ЖШС-ның бас директоры Гао Венконың сөзінше, компанияның тәжірибесі мол. Бұған дейін Қытай Халық Республикасында осындай ірі жобаларды жүзеге асырған. Сондай-ақ ол компания елде басқа да құрылыс жобаларына үлес қосатынын айтты.

– Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Көршілес мемлекеттер экономика саласында осы күнге дейін тығыз байланыс орнатқан. Осындай жобалар арқылы жаңа бастамалар одан әрі жандана түседі деген ойдамыз. Алты жел электр станциясының құрылысы сәтті аяқталып, мол қуат  берсе, алдағы жылдарда бағана санын арттырмақ ниеттеміз, – деді «Green Energy Industrial Company Central Asia» ЖШС-ның бас директоры Гао Венко.

Өңір басшысы экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, энергия өндіру аса маңызды екенін тілге тиек етті. 2023 жылы электр желілерін жөндеу-жаңарту жұмысы басталған. Осының нәтижесінде желілердің орташа тозу көрсеткіші 82%-дан 75,4%-ға төмендеді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, электр энергиясын тұтыну жылма жыл артып келеді. Осыған байланысты балама жолмен қуат көзін көбейту басты назарда екенін мәлімдеді.

– Жел электр станциясының ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан өте таза.  Табиғат пен ауаға аса зияны жоқ. Өңірі үшін бұл жоба қуантарлық жаңалық болмақ. 2023-2025 жылдар аралығында облыстың энергиямен жабдықтау саласына 44,8 млрд теңге бағытталды. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экологиялық тұрақтылықты нығайту мақсатында 2030 жылы ЖЭК үлесін 15%-ға дейін, ал 2050 жылы 50%-ға дейін арттыру міндеті қойылды.

Жәнібек ауданының Өнеге ауылында да қуаты 4,9 МВт гибрид электр стансасы салынады. Инвестиция қаражаты – 3 млрд теңге. Оған қоса, Орал қаласында қуаты 50 МВт жел электр стансасы іске қосылады. Инвестиция көлемі – 21 млрд теңге. Жобаны іске асыру аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді, – деді өңір басшысы Н. Төреғалиев.

Қорыта айтқанда, Орал қаласының маңындағы Желтауда жел электр станциясының құрылысының басталуы – өңір үшін стратегиялық маңызы зор қадам. Бұл жоба тек жаңа қуат көзін іске қосып қана қоймай, экологиялық таза энергия өндіруді арттыруға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен заманауи технологиялардың енгізілуі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізбек. Алдағы уақытта мұндай бастамалар «жасыл» энергетиканы дамытуға серпін беріп, еліміздің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуіне маңызды үлес қосары сөзсіз.