Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?

Редактор
11.03.2025, 15:25
Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?
Министрлік білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным жолдады

Үшінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Көктемгі каникул кезеңі 2025 жылдың 21-наурызы мен 2025 жылдың 31-наурызын қоса алғанда он бір күнге жалғасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оқушылардың көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасаған. 

Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді. Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:

• театр фестивальдері мен қойылымдары;
• шеберлік сабақтары;
• қауіпсіздік сабақтары;
• мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
• спорттық ойындар;
• қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.

Ең бастысы - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады, – делінген хабарламада.

Айта кетсек, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.