Қазақстан экономикасындағы басты мәселелерді шешу жолында жасалған биліктің қадамдары қазақстандықтар үшін ауыр тиеді. Дегенмен, оның жағымсыз салдарын азайту мақсатында депутаттар бірқатар ұсынысты Үкіметпен талқыламақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ерлан Саировтың айтуынша, қазір Қытай, АҚШ және Еуропалық Одақ сияқты ірі экономикалар арасында санкциялық текетірестер орын алу қаупі бар. Осы тәуекелдердің барлығы Қазақстан экономикасының даму дәрежесі мен әлеуетіне тікелей әсер етеді деген пікірде.
Сондай-ақ ол Қазақстан экономикасының бірқатар проблемасын атады.
...бұл бюджет тапшылығы. Біріншіден, бұл ірі олигархтар мен ірі қаржылық топтар өз уақытында өздері үшін өте үлкен салық жеңілдіктер алып алған. Екіншіден, бұл біздің салық саясатымыздың орталықтандырылғандығына байланысты, яғни барлық өңірлер алдымен салықтарды орталыққа жібереді, содан кейін орталықтан осы салықтар субвенциялар түрінде өңірлерге қайта бөлінеді. Бұл жалпы бюджет үшін өте үлкен жүктеме болып табылады, - деді Ерлан Саиров.
Сондай-ақ ол ел экономикасында болып жатқан ағымдағы проблемаларды шешу үшін Үкіметтің қосылған құн салығын (ҚҚС) көтеру, жанар-жағармай бағасын және темір жолмен тасымалдау тарифтерін арттыру сияқты қадамдары мәжбүрлі шаралар екенін атап өтті.
Бірақ біз салықтың өсуі мен жанар-жағармай бағасының көтерілуі және т.б. азаматтарымыздың әл-ауқатына тікелей теріс әсер ететінін түсінуіміз керек. Сондықтан Мәжілісте біз азаматтарымыз үшін жағымсыз әлеуметтік салдарды азайту және адамдар осы шараларды өздеріне сезінбеуі үшін Үкіметпен диалог жүргізетін боламыз...Қосылған құн салығын (ҚҚС) ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер төлемеуі, азық-түлік жиынтығына ҚҚС салынбауы керек деген мәселелерді біз Үкіметпен талқылайтын боламыз, - деп түсіндірді депутат.
Бұл ретте Ерлан Саиров азаматтар Үкімет деңгейінде қабылданған шешімнің логикасы мен қағидаттарын түсінуі үшін осы процестердің ашық өтуі маңыздылығын атап өтті.