$ 457.21
 534.62
 6.08

«Неткен трагедия...»: Абзал Құспан Мәжілістегі жағдайға қатысты пікір білдірді

Редактор
29.04.2026, 16:09
Коллаж: bairaqmedia.kz
Коллаж: bairaqmedia.kz
Вице-министр жауабын қазақ тілінде бастап, кейін орысша жалғастырған.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бүгінгі жалпы отырыста болған жағдайға қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, ұстаз мәртебесі мен беделін арттыруға бағытталған заң жобасын талқылау барысында ыңғайсыз жағдай болған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Депутаттың сөзінше, Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовқа сұрақ қойған. Алайда вице-министр жауабын қазақ тілінде бастап, кейін орысша жалғастырған.

Сондай-ақ Абзал Құспанның айтуынша, үкімет өкілі қойылған сұрақты толық түсінбегендіктен, Ринат Зайыт сауалын қайта қоюға мәжбүр болған. Кейін жағдайды депутат Асхат Аймағамбетов реттеген.

Абзал Құспан бұл сәтте вице-министр үшін ыңғайсызданғанын жасырмады. Ол аталған шенеуніктің жерлесі екенін айтып, әкесінің Орал өңіріндегі филологтар арасында беделді ұстаз болғанын атап өтті.

«Шәкірттеріне қазақ тілінен сабақ берген профессордың өз балаларына уақыт таппағаны неткен трагедия десеңші…» деп жазды депутат.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовқа жекелеген ұстаздардың авторлық әдістемелерін білім беру жүйесіне енгізу мәселесін көтерген болатын.

Депутаттың айтуынша, оқу бағдарламасы мен оқулықтарға қатысты проблемалар әлі де өзекті. Ол нақты мысал ретінде мұғалім Алмахан Мұхаммедқалиқызының Абай шығармаларын балаларға үйретудің тиімді әдістемесін атап өтті. Бұл тәсіл қазір кейбір мектептерде қолданылып жатқанымен, оны кеңінен енгізу үшін жүйелі тетік жоқ.

Осындай сәтті әдістемелерді әзірлеген ұстаздар министрлікке өз ұсыныстарын жеткізе алмай отыр. Сондықтан оларды оқу бағдарламасына жедел енгізетін нақты механизм қажет, – деді депутат.

Өз кезегінде вице-министр оқулықтарды сараптау бірнеше кезеңнен өтетінін атап өтті. Оның ішінде ғылыми-педагогикалық сараптама, жетілдіру, апробация және пәндік сараптама бар. Сонымен қатар ол кей жағдайда жаңа әдістерге сараптамалық комиссиялар тарапынан сақтықпен қарау фактілері кездесетінін айтты.

Министрлік өкілі бұл бағытта ашық екенін және нақты ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Талқылау барысында депутат мәселенің тек оқулықтарға емес, әдістемелерге қатысты екенін нақтылап, тиімді бағдарламаларды ұзақ күттірмей оқу процесіне енгізу қажеттігін атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша бұл мәселені жұмыс тобы аясында қосымша қарау ұсынылды.