Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс телефондарына арналған жаңа ереже шығарды. Ережеге сәйкес, 2025 жылдың 24 наурызынан бастап смартфондардың «ақ» және «қара» деп аталатын арнайы тізімі жасақталмақ, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, бұл гаджеттердің заңсыз айналымымен күресуге мүмкіндік бермек.
«24 наурыздан бастап идентификациялық кодтар базасының операторы құрылғылардың ұялы байланыс желілерінде заңды түрде қолданылуын тексереді. Егер құрылғы ресми дүкеннен сатып алынса, барлық салықтар мен кедендік төлемдер төленген болса, ол «ақ тізімге» енеді. Ал құрылғының шығу тегі күмән тудырса (мысалы, IMEI-код қайталанса), оны «сұр тізімге» енгізеді. Пайдаланушы 30 күн ішінде «ақ тізімге» қосылу үшін заңды сатып алғанын растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Егер телефон қолдан жасалған немесе ұрланған болса, ол «қара тізімге» енгізіледі және байланыс желілеріне қосыла алмайды", - делінген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарламасында.
Бұл өзгерістер 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынған. Сол кезде дүкендер мен ұялы операторлардың кеңселерінен жүздеген телефон ұрланған. Бұл құрылғылар қайталама нарыққа тарап, әлі күнге дейін арнайы сайттарда сатылып жатқан көрінеді. Сондықтан қолданыстағы ұялы телефондар түгел тексерістен өтеді.