Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында паспорттық бақылау кезегінде төбелес болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода шекарадан өтуге тұрған адамдардың бір-бірін итеріп, ұрып-соғып, айғайлағаны байқалады.
Бейнежазба авторының айтуынша, оқиға өткізу жүйесінің істен шығуынан туындаған. Соның салдарынан құжат рәсімдеу жұмыстары уақытша тоқтап қалған.
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында өткізу жүйесінің істен шығуынан шамамен мың адам кептеліп қалды. Цифрландырудың “жоғары” деңгейі, – делінген видео сипаттамасында.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өз тараптарынан ешқандай ақау тіркелмегенін айтып, мәселе бойынша Шекара қызметіне немесе ҰҚК-ге жүгінуге кеңес берді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми сауалға жауап берген жоқ.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаға байланысты белсенді пікір білдіруде:
"Мынау не сұмдық, шыдап күтуге болмай ма? Қайда асығып жатырсыздар, азаматтар?", "Барлық ХҚКО-да да осылай - бәрі қатып қалады…", "Қағазда бәрі жақсы", "21 ғасыр, бірақ база жұмыс істемейді. Ұят қой", "Төтенше жағдайға арналған балама жүйе жасауға болмай ма?" - деп пікір білдіруде желі қолданушылары