Танымал әнші әрі актер Ғалымжанға жасалған шабуылға байланысты оның қорғаушысы, заңгер Инга Иманбай өз мәлімдемесін жариялады. Ол өнер иесінің қазіргі жағдайы өте ауыр екенін жеткізді.
Иманбайдың айтуынша, дәрігерлер Ғалымжанның қолы сынғанын, мұрнының сынық алғанын және бетіне қатты зақым келгенін растаған. Алдағы күндері оған жарақатқа байланысты күрделі ота жасалуы тиіс екені белгілі болды.
Заңгер бұл оқиғаны тек денсаулыққа зиян келтіру деп емес, адамның өміріне және шығармашылығына жасалған қастандық деп бағалады.
«Ғалымжан түсірілім үстінде жүрген фильмі тоқтап қалды. Соның кесірінен 40 адамнан тұратын кино тобы жұмыссыз отыр. Бет-әлпеттің ауыр жарақатымен камера алдында жұмыс істеу мүмкін емес. Бұл – өте ұят жағдай», – деді Иманбай.
Ол сонымен бірге оқиғаның ең ауыр тұсы – мәдениет саласының өкілдері өз әріптесіне жабылып, оған осындай ауыр дене жарақатын салғаны екенін айтты. Бұл әрекет тек өнер иелеріне ғана емес, жалпы қоғамға жасалған жабайылық ретінде бағаланды.
Инга Иманбай полицияның «Мұқасан Шахзадаев қашып жүр, табылмай жатыр» деген мәлімдемесіне күмән келтіріп, істің толық зерттелмей отырғанын атап өтті.
«Бұл істі соңына дейін апарамыз. Ешқандай атаққа немесе беделге қарамай, әділ жаза қолданылуы үшін барымызды саламыз. Ғалымжанның құқықтары тапталмауы керек. Бұл іс міндетті түрде әділ шешімін табады», – деп қорытындылады заңгер.