Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары грант өтеуден босатылады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге мәдениет және білім беру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бірінші оқылымда мақұлдады.
Түзетулерде университет түлектерін қолдау шаралары ұсынылады:
– мемлекеттік жәрдемақы алатын, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған, сондай-ақ І топтағы мүгедек адамды бағып отырған жоғары оқу орындарының түлектерін оқуға арналған мемлекеттік грантты міндетті түрде өтеуден босату ұсынылады;
– шетелдік жоғары оқу орындарының резидентура, магистратура, аспирантура және докторантура бағдарламаларын аяқтаған тұлғаларға міндетті еңбек өтеуді кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі.
Сондай-ақ білім беру сапасын арттыру үшін заң жобасына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының рейтингі туралы норма енгізілген. Мемлекеттік қолдау білім беру ұйымдарына олардың деңгейі мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қарай берілетін болады.