Мүфтият садақа, зекеттен жиналатын қаржыға аудит жүргізуге неге қарсы?

Редактор
27.05.2025, 19:04
Мүфтият садақа, зекеттен жиналатын қаржыға аудит жүргізуге неге қарсы?
Белгілі исламтанушы мешітке түсетін қаржыға есеп-қисап жүргізуді құптайды

Садақа беру, зекет жинау функцияларын үкіметтің қадағалауына беру керек. Ал қайырымдылық қорлары мен мешіттерге берілетін садақаның есеп-қисабына аудит жүргізілуі тиіс. Мұндай ұсынысты исламтанушы, теолог Асқар Сабдин айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Теологтың айтуынша, кейбір мұсылман елдерінде қайырымдылықты жинау функцияларын мемлекет өз мойынына алған. Зекет парызын орындағысы келген азаматтар ақшаларын мемлекеттік ведомствоға сеніп тапсырады. Өйткені оның есеп-қисабы ашық жарияланады.  

«Мысалға кейбір мемлекеттерде зекетті мемлекет жинайды да, артынша мұқтаж жандарға таратып береді. Салық комитеттерінің сайтына крісеңіз, онда ҚҚС(НДС), акциз, түрлі кедендік төлемдер бар, соның ішінде зекет те бар. Сол зекет, садақаны елдің азаматтары мемлекетке береді.Үкімет өзі бөлетіндей қылып, ашық жүйе жасап қойған»,- деді Асқар Сабдин Erbol Seilkhan ютуб арнасына берген сұхбатында. 

Асқар Сабдин Қазақстанда цифрлық сала жақсы дамып жатқанымен, садақа жинаудың ескі әдісі толық қолданыстан шықпағанын айтады. Сырты матамен қапталған темір жәшіктерге жиналатын садақа қаржысы қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді дейді. Исламтанушы мүфтиятқа мұндай жәшіктерді біржола алып тастауды талай рет ұсынған. 

«Жәшіктердің барлығын алып тастау туралы талай рет ұсындық немесе жәшіктердің өзін шыны сияқты іші көрінетіндей болуы керек. Әуежайларда, басқа да жердерде жәшіктер тұр. Пломбымен салынған, ішінде ақша жатыр, соның барлығын ұйымдастыруға болады. Ал бізде жәшік темір болады, оның үстінен мата жауып қояды. Оның құлпының кілті кімде?!», - дейді ол. 

 Спикер қайырымдылықтан жиналатын қаржыны қадағалап отыру үшін «Мутавалият» деген жоба да ұсынған. Бұл жоба шеңберінде мешіттерге және қайырымдылық қорларына берілген садақаға аудит жүргізіліп, оның есебін қоғамға жариялап отыру тиіс еді. Бірақ, бұл мүфтяит тарапынан қолдау таппаған. 

Қанша жылдан бері түсіп жатқан қаражаттың есеп-қисабы көрінбейді. Тіпті мүфтият та, қайырымдылық қорлары да мұндай есепті бермейді. Мешітке болсын, қайырымдылық қорларына болсын «мутавали» тағайындау керек. Мутавали деген ревалюциядан бұрын бізде болған. Яғни қоғамның қайырымдылық қаражатын есептейтін тәуелсіз, мекемемен афилациясы жоқ, тұлғалар тағайындалған. Олар есеп-қисап, бухгалтериядан хабары бар, экономиканы білу маңызды. Сондай тұлғаларды мутавали етіп сайлаған,- деді теолог сұхбат барысында. 

Исламтанушының тағы бір ұсынысы садақа жинау барысында қолма-қол ақшаны азайту, тіпті мүлдем пайдаланбаған дұрыс дейді. Оның орнына QR-код, Post-терминалды іске қосу қажет деп санайды. Өйткені қолма-қол ақша жүрген жерде, түрлі қылмыстық схемалар жүзеге асуы мүкін деп пайымдайды.