Министрлік шетелдік тасымалдаушылардың мүддесін қорғап отыр – Азат Перуашев

Редактор
12.03.2025, 19:32
Министрлік шетелдік тасымалдаушылардың мүддесін қорғап отыр – Азат Перуашев
Депутат Көлік министрлігін айыптады

«Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев Көлік министрлігін жүк тасымалы нарығын Ресей мен Беларусь компанияларының басып алуына жол берді деп айыптады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оның айтуынша, министрліктің шешімдері қазақстандық тасымалдаушыларды әділетсіз бәсекелестікке ұшыратып отыр. Депутат отандық бизнестің мүддесін қорғап, шетелдік компаниялардың нарыққа кіру саясатын қайта қарауды талап етті.

Кейбір жүйелік мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінен немесе мәселенің өзектілігін түсінбеуінен қайта сауалдар жасауға мәжбүрміз. Атап айтқанда, 2024 жылдың 20 қарашасы мен 18 желтоқсанында «Ақ жол» фракциясы ресейлік және беларусиялық бәсекелестердің жосықсыз бәсекелестігіне тап болып, өзіміздің Көлік министрлігінің белсенді араласуымен қазақстандық жүк тасымалдаушылардың мүдделеріне нұқсан келтірілгені туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл халықаралық тасымалдауға рұқсат бланкілерін берудің жаңа тәртібіне, Қазақстан-Қытай шекарасындағы электронды кезекке, Ресей Федерациясы мен Беларусь аумағы арқылы жүру шарттарына да қатысты. 
Нәтижесінде нарықты көршілес ЕАЭО елдерінің ірі компаниялары жаулап алып, негізінен шағын және орта бизнес өкілдері болып табылатын отандық кәсіпкерлер белсенді түрде ығыстырылып, жұмысынан айырылып отыр, – деді Азат Перуашев.

Депутат осының салдарынан еліміздің транзиттік орналасуы мен Батыс Еуропа-Батыс Қытай жобасына салынған миллиардтаған инвестициядан пайданы қазақстандық тасымалдаушылар емес, өзгелер көріп отырғанын атап өтті.

Біз сауалдарымызға жауап алғанмен, жағдай нашарлап барады, оған осы саладағы 400-ден астам кәсіпкердің жақында жасаған жаңа үндеуі дәлел, – деді депутат.