«Мен үшін ауырға соқты»: Шетелдіктер асырап алған Жәнібек биыл елге не себепті келе алмағанын айтты

Редактор
17 дек. 2025 г., 16:35
«Мен үшін ауырға соқты»: Шетелдіктер асырап алған Жәнібек биыл елге не себепті келе алмағанын айтты

Шетелдіктер асырап алған қазақ баласы Жәнібек Савальев Тәуелсіздік күніне орай жазба жариялап, Қазақстанға келу жоспарының не себепті жүзеге аспай қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Оның айтуынша, биыл қыркүйек айында туған жеріне сапарлауды жоспарлағанымен, бірлесіп жұмыс істемек болған компания тур бағасына қатысты әділ ұсыныс жасамаған. Соның салдарынан қатысушылар саны жеткіліксіз болып, жоба іске аспай қалған.

Жәнібек Савальев Қазақстанға бару арқылы елдің бай мәдениеті мен көркем табиғатын танытуды мақсат еткенін атап өтті. Ол бір топ адаммен бірге туған жердің әсем аймақтарын аралап, Қазақстанды тереңірек танығысы келгенін жеткізді.

Сонымен қатар ол бұл жағдайдан сабақ алғанын және болашақта Қазақстанға саяхат ұйымдастыру идеясынан бас тартпайтынын айтты.

«Өкінішке қарай, мен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлаған компания турдың әділ бағасын ұсына алмады, сондықтан тіркелген адам саны жеткіліксіз болды. Бұл жайт мен үшін ауырға соқты, өйткені мен үйіме оралып сіздермен қайта қауышқым келді. Дегенмен мен бұл тәжірибеден көп нәрсені үйрендім және саяхатты ұйымдастыру идеясынан әлі де бас тартпаймын», – деп жазды ол.

Жазбасының соңында Жәнібек Савальев алдағы уақытта отандастарымен жүздесуге үміт білдіріп, Қазақстанның мәдениеті мен табиғатын бірге зерттеуге шақырды.