Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайту керек – Олжас Бектенов

Редактор
10 февр. 2025 г., 20:20
Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайту керек – Олжас Бектенов

Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайта отырып, бірлескен инвесторларды белсенді тарту қажет. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Жиында Қордың 2024 жылғы жұмысының қорытындылары және оны одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов инвестициялық жобаларды іске асыру туралы баяндады.

Үздіксіз электрмен жабдықтау мақсатында Екібастұз ГРЭС-1 №1 энергия блогы тоқтап, қуаты 4000 МВт-қа дейін ұлғайтылды. Экологияны жақсарту жұмыстары аясында Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін газ инфрақұрылымын құру жобасы іске асырылды. Қарашығанақ кен орны жұмысының тиімділігін арттыру үшін бесінші кері айдау компрессоры енгізілді. Көлік-логистикалық бағытта Сиань қаласында жүк терминалы салынды, ол жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға және қазақстандық бағыттардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 250 шақырымнан астам газ құбыры мен 500 шақырым теміржол желісі тартылып, екінші «Достық – Мойынты» жолының 132 шақырымында пойыз қозғалысы іске қосылды. Сондай-ақ есепті кезеңде Қазақстан үшін бірегей жобалар: гидроаккумуляциялық станса мен Астанадағы алғашқы цифрлық қосалқы стансаның құрылысы басталды.

Жалпы тізімге қазір мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалар бойынша құны 33,3 трлн теңге болатын инвестициялық 46 жоба енгізілген.

Премьер-министр еліміз үшін маңызды жобаларды іске асыруға жеке инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігіне тоқталды. 

«Мемлекет басшысы біздің жұмысымыздың басым бағыты ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды, көлік пен логистиканы дамыту, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Үкімет еліміз үшін маңызды жобалардың іске асырылу жағдайын бақылауда ұстайды. Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайта отырып, бірлескен инвесторларды белсенді тарту қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
 
Сонымен қатар премьер-министр үдерістерді оңтайландыру және кешіктіруге әрі негізсіз қымбаттауға жол бермеу үшін жобаларды іске асыру мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылау қажеттілігіне аударды.