Таразда мектептегі төбелестен кейін бір көзінен айырылған 16 жастағы Дамир Сураншиев алты операция жасатып, жетіншісіне дайындалып жатыр. Ал анасы ұлын соққыға жыққан бірнеше оқушының тек біреуі ғана сот алдында жауап беріп жатқанына наразы, деп хабарлады Вairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға сәуір айының ортасында гимназиялардың бірінде болған. Дамирдің айтуынша, тоғызыншы сынып оқушылары оны киім ауыстыратын бөлмеге шақырып, соққыға жыққан.
«Киім ауыстыратын бөлмеде олар мені бірден ұра бастады. Құлаған кезде көзіме бірдеңе болғанын сездім. Немен ұрғанын көрмедім», – дейді жасөспірім.
Ауыр жарақат салдарынан Дамир алты операциядан өткен. Қазір ол негізінен бір қалыпта жатуға мәжбүр. Дәрігерлер екінші көзіне де әсер етуі мүмкін асқынуларды анықтаған. Баланың анасы Зухра Каримова бірнеше оқушының тек біреуі ғана айыпталушы болып, тағы бірінің куәгер мәртебесін алғанына наразы.
«Мен бірнеше рет арыз жаздым. Жоғары тұрған органдардың назар аударғанын қалаймын. Іс прокуратура мен сот арасында жүрген кезде оның куәгер болып шыққаны белгілі болды», – дейді анасы.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотта қаралып жатыр. Отырыс жабық режимде өтуде. Әзірге сот шешімі шыққан жоқ. Дамирдің анасы оқиғаға қатысы бар барлық адамның әрекетіне заң аясында баға берілуін талап етіп отыр.