Мектепте жыныстық тәрбие туралы пән енгізіле ме? – министр жауабы

Редактор
20.05.2025, 23:27
Мектепте жыныстық тәрбие туралы пән енгізіле ме? – министр жауабы
Ведомство басшысы алдымен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру керекдеген пікірде

Қазақстандық мектептерде жыныстық тәрбие бойынша пәнді енгізу алдағы уақытта жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Оның айтуынша, оқушылардың тәрбиесіне қатысты алдымен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру керек.

Бұл әрдайым солай болған, яғни отбасында тәрбиеленген. Сол себепті біз арнайы ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарын аштық. Мен психологтарға сол жерде ата-аналарды балалармен қалай қарым-қатынас жасау керек, балаларды қалай тәрбиелеу керек деген мәселелер бойынша барынша ағарту жұмыстарын жүргізсін деп тапсырма бердім, – деді Ғани Бейсембаев.

Бұл ретте министр жалпы тәрбиемен қатар жыныстық қатынасқа қатысты тәрбиені де бала ата-анадан алуға тиіс деген ойда екенін жеткізді.

Әрине, мектеп те бұл жауапкершіліктен қашпайды, бірақ бүкіл жауапкершілікті тек мектепке арту дұрыс емес деп ойлаймын. Мектеп бұл жауапкершіліктен бас тартып жатқан жоқ. Біз «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тиісті іс-шаралар өткізіп жатырмыз, бірақ тікелей жыныстық қатынас мәселесі емес. Бұл тәрбие, ең алдымен, ата-аналар тарапынан жүргізілуі тиіс. Сондықтан, ата-аналар осы іспен айналысса, бұл өте жақсы болады деп санаймын. Біз бұл бағытта қолдау көрсетеміз, – деді министр.

Ведомство басшысы алдағы уақытта білім беру мекемелерінде жыныстық қатынас тақырыбына байланысты пәндер немесе сабақтар оқытылмайтынын айтты.