«Мәсімов пен Қожамжаровтың қатысы бар ма?»: Депутат ЭКСПО ісіндегі былықтың бетін ашты

Редактор
30.04.2025, 23:09
«Мәсімов пен Қожамжаровтың қатысы бар ма?»: Депутат ЭКСПО ісіндегі былықтың бетін ашты
Мәжілісмен қылмыстық істерді қайта қарауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа ресми сауал жолдап, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысты атышулы істі қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл істің астарында әлі де ашылмаған көп шындық жатыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Әлеуметтік желілер мен медиа кеңістікте ЭКСПО-2017 Ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаровтың сұхбаты кеңінен тарап, қоғам назарына ілікті. Омаров бұл істі қолдан жасалған, саяси мақсатта құрылған деп сипаттап, құқық қорғау органдарының сол кездегі әрекеттеріне күмән келтірді.

Сұхбат барысында Мұрат Омаров компания төрағасының кеңесшісі ретінде жұмыс істеген Айдос Есполовтың бірнеше рет пара алғанын ашық мәлімдеді. Алайда тергеу кезінде бұл адам «анықталмаған тұлға» ретінде танылып, ешқандай жауапкершілікке тартылмаған. Омаровтың айтуынша, Есполовты істен алыстатуға және тергеу аясынан шығарып жіберуге сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров тікелей ықпал еткен.

Ермұрат Бапи бұл мәліметтерді елеусіз қалдыруға болмайтынын айтып, Бас прокуратура мен Антикордан нақты жауап күтетінін жеткізді. Ол сұхбатта аталған айыптаулардың қоғамда үлкен резонанс туғызып отырғанын, бірақ осы күнге дейін ешқандай ресми пікір айтылмағанын сынға алды.

Депутат өз сауалында мынадай маңызды сұрақтарды көтерді:

  • Тергеуде «анықталмаған тұлға» ретінде сипатталған адам шын мәнінде кім және ол неге қылмыстық жауапкершіліктен босатылды?

  • Талғат Ермегияевтің сотталуына не себеп болды? Егер пара алған басқа адам болса, айып нақты дәлелсіз неге Ермегияевке тағылды?

  • Параны берген тұлға кім? Пара алу фактісі тіркелген болса, оны берген адамның да жауапқа тартылуы тиіс емес пе?

  • Сот процесінде куәлік берген адамның психикалық денсаулығы күмән тудырады. Ол бір кездері есептен шығарылып, кейін қайта тіркеуге алынған. Мұндай куәгердің сөзі сотта қалай дәлел ретінде қабылданды?

  • «Рона» ЖШС-нің офшорлық компанияларға қаржы аударуы тергеуден неге тыс қалды?

Бұдан бөлек, Ермұрат Бапи бұл бір ғана іске қатысты емес екенін айтты. Оның пайымдауынша, ел тарихында әділетсіз сот үкімдерінің құрбаны болған басқа да танымал тұлғалардың істеріне қайта баға беру керек.

Әділет ешқашан жартыкеш болмайды. «Әділетті Қазақстан» идеясын қалыптастыру үшін ақиқатты анықтайтын кез келді. Бұл сияқты «пара беру» және «жемқорлық» желеуімен қудаланған тұлғалардың қатарында – арғысы Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақияновтан бастап, бергісі – Серік Ахметов пен Жақсылық Досқалиевқа дейін бірқатар қиянатты іс бар. Бас прокуратура бұларды да толық реаблитация жасауға бастама жасайтын уақыт болды деп есептеймін, – деді Ермұрат Бапи.

Депутат бұл жағдайды «жаңадан ашылған мән-жайлар» санатына жатқызуға болатынын алға тартып, Бас прокурордан «ЭКСПО ісі» бойынша шығарылған сот үкіміне ресми протест білдіруді сұрады.