«МӘМС пен Назарбаев Университеті тексерілді, бірақ неге құпия?»: депутат ЖАП-тан есеп беруді талап етті

Редактор
26.03.2025, 17:55
«МӘМС пен Назарбаев Университеті тексерілді, бірақ неге құпия?»: депутат ЖАП-тан есеп беруді талап етті
Айтуынша, ЖАП сайтында 2022 жылдан бері жүргізілген тексерулердің нәтижелері әлі күнге дейін жоқ

Мәжіліс депутаты Марат Башимов Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасынан (ЖАП) соңғы үш жылдағы тексеру нәтижелерін жариялауды талап етті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Жоғары аудиторлық палатадан 2022–2024 жылдар аралығындағы тексеру нәтижелерін дереу жариялауды, бюджет процесінің және аудиттік бақылаудың ашықтығына қатысты конституциялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді сұраймыз, – деді Башимов бүгінгі Мәжіліс отырысында.

Депутаттың айтуынша, 2022 жылғы халықтық референдум мен маңызды конституциялық реформалар нәтижесінде Қазақстан Конституциясының 56-бабына сәйкес Мәжілістің айрықша құзырына Жоғары аудиторлық палата төрағасының жылына екі рет есебін жария түрде тыңдау енгізілген.

Палатаның мемлекеттік аудит, қаржылық бақылау, мемлекеттік қаражат пен активтердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиімділігін тексеру, жергілікті бюджеттерді қадағалау бойынша өкілеттіктері кеңейтілді. Қазақстан Конституциясына сәйкес бюджет ашық түрде қалыптастырылады, талқыланады және қабылданады. Заңдар барлық қаржы қаражаттарын тексерудің ашықтығын талап етеді. Алайда қоғам тарапынан маңызды аудиттік қорытындылардың уақытылы жарияланбауы сұрақтар туғызып отыр, — деді Мәжіліс депутаты.

Мысалы, оның айтуынша, ЖАП сайтында 2022 жылдан бері жүргізілген тексерулердің нәтижелері әлі күнге дейін жоқ.

Соңғы аудит қорытындысы 2022 жылдың 11 тамызында жарияланған. Біз ауыл шаруашылығы, МӘМС, «Назарбаев Университеті» бойынша Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерулердің толық нәтижелерін көрмедік. Осы жылдың 27 қаңтарында Мәжілісте МӘМС мәселелері бойынша өткен Үкімет сағатында бұл сұрақты көтердім. Сол кезде Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов қандай да бір критерийлер бар екенін айтып, аудит нәтижелерін «қызметтік пайдалану үшін» санатына жатқызуға болатынын мәлімдеді, – деді депутат.

Марат Башимов 2024 жылдың желтоқсанында БАҚ-та «Назарбаев Университетінде» 73 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғаны туралы хабар тарағанын еске салды.

Алайда аудит нәтижелерінің толық ақпараты жарияланбады. Соған қарамастан, «Назарбаев Университеті» басшылығы тексеру нәтижелерін ашық түрде түсіндірді, бұл толық ақпаратқа қол жеткізуді шектеудің себептері бойынша сұрақтар туғызады. Сонда аудиторлардың логикасы қызық: ақша — мемлекеттік, яғни халықтың қаржысы, қызмет — әлеуметтік маңызы бар, бірақ ол қандай да бір жолмен құпия сақталған, –деп атап өтті ол.

Ол білім беру, медицина және әлеуметтік сала мәселелерін ешбір жағдайда құпия етуге болмайтынын, бұл әскери немесе құқық қорғау органдарының бюджеті емес екенін баса айтты.

Мысалы, мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қоғамдық кеңесінің төрағасымын, онда біз барлық салалардың бюджеттерін барынша ашық талқылаймыз. Тіпті осы ақпаратты кедергісіз қоғамға жеткіземіз. Сонымен қатар, бүкіл әлемде бюджеттік есептер ашық әрі жария түрде беріледі, – деп түйіндеді Башимов.