Ливаннан еліміздің 41 азаматы жеткізілді

Редактор
4 нояб. 2024 г., 16:27
Ливаннан еліміздің 41 азаматы жеткізілді

Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен Ливаннан ҚР азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін елге эвакуациялау шаралары жүзеге асырылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, операция Ыстанбұл және Дубай қалалары арқылы ұйымдастырылып, нәтижесінде 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматы қалаларына 41 адам аман-есен жеткізілген.

Эвакуация әскери қақтығыс аймағында қалған Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілді, деп жазылған министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін ондағы жағдайдың ұшығуына байланысты министрлік ел азаматтарына аталған өңірдегі ахуал тұрақтанғанға дейін Израиль мен Ливанға барудан уақытша бас тартуға кеңес берген еді.

Кейін ол аймақта қақтығыстан зардап шеккен немесе қаза тапқан қазақстандықтар тіркелмегенін мәлімдеді.