Түркістан облысының Леңгір қаласында бірнеше адамның үйге басып кіріп, әйелді байлап, бірнеше сағат бойы ұрып-соққаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы заңгер Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, оқиға түнгі сағат 02:00 шамасында болған. Бетперде киген бірнеше адам үйге кіріп, ондағы әйелді байлап, таңғы сағат 05:00-ге дейін соққыға жыққан.
Заңгер өзіне ақпарат берген адамның сөзіне сүйеніп, шабуыл жасағандардың әзірге ұсталмағанын мәлімдеді.
Айгүл Орынбек жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Ішкі істер министрі Ержан Саденовтен Түркістан облысының полициясына назар аударуды сұрады.
«Халықтың қауіпсіздігі — есеп үшін жасалатын жұмыс емес. Әрбір қылмыс дер кезінде зерттеліп, әрбір күдікті заң алдында жауап беруі керек. Леңгірдегі бұл жағдай толық әрі ашық тексерілуі тиіс», — деп жазды заңгер.
Сондай-ақ ол мұндай оқиғалардың тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін айтып, күдіктілерді тез арада анықтап, жауапқа тартуға шақырды.
«Бүгін біреудің үйіне кірді. Ертең кімнің есігін қағады?» — деп түйіндеді Айгүл Орынбек.
Әзірге жазбада айтылған оқиғаның барлық мән-жайы ресми түрде расталған жоқ.