Костенко шахтасындағы апат: қылмыстық іс сотқа жолданды

Редактор
17 февр. 2025 г., 22:46
Костенко шахтасындағы апат: қылмыстық іс сотқа жолданды

Бас прокуратураның арнайы прокурорларының басшылығымен ВЖТТ Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

10 айыпталушыға қатысты іс тау-кен жұмыстарының қауіпсіздік ережелерін бұзу (ҚК 277-бабының 3-бөлігі) бойынша сотқа жолданды, – деп жазды Бас прокурор.

Ақпаратқа сәйкес, тергеу барысында жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылуы себеп болғаны анықталды. Көмір өндіру алаңындағы жарылыс, шоғырлануы рұқсат етілген стандарттардан айтарлықтай асып кеткен көмір шаңының жарылыстарының тізбекті реакциясын тудырып, 46 кенші қаза тауып, 28 кенші жарақаттанды.

Шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығы қамауда. Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша («тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») айып тағылды, аталған бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – делінген прокуратура хабарламасында.

Іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылды. 

Материалдар негізі бойынша қарау үшін Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының аудандық сотына жіберілді.

Еске сала кетсек, былтыр 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында апат болған. Шахтада 252 адам болған, оның 205-і жер бетіне шығарылды.