Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға бола ма? Депутат тиісті заң нормаларын түсіндірді

Редактор
24 янв. 2025 г., 23:18
Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға бола ма? Депутат тиісті заң нормаларын түсіндірді

Елімізде суық мезгілде автокөлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салуға қатысты түрлі пікір қалыптасып, дау-дамай туындаған жағдайлар байқалып отыр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева тиісті заң нормаларын түсіндіріп, даулы мәселенің нүктесін қойды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, «Жол жүрісі туралы» заң мен Жол жүру ережелерінде көлікті 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салатын норма мүлде жоқ. Ал, айтылған уақыттан ұзағырақ аялдаған жүргізушілерге айыппұл салу мәселесі «Көліктерді тұраққа қою ережелері» туралы заңнан туындап отыр.

Мысалы, заң бойынша да, жол жүру ережесіне сәйкес те, жолаушы түспейтін немесе жүк тиемейтін көлік 5 минуттан артық тоқтап тұрса, бұл «тұраққа қою» болып есептеледі. Бұл ретте, заңда да, ережеде де бұндай жағдайларда тоқтауға болмайды делінген. Жол жүру ережесінің 12-тармағында «егер тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тоқтап тұруына тыйым салынады» деп жазылған. Сондықтан, қозғалтқышы гүрілдеп немесе түтіні будақтап тұрған көлік, әрине, адамдарға қолайсыздық тудырады. Осындай жағдайларда ғана, оның өзінде де адамдардан шағым түскен кезде, айыппұл салынуы мүмкін, – деді Снежанна Имашева Azattyq Rýhy тілшісіне берген жауабында.

Оның айтуынша, тұрғындардан шағым түскен жағдайда да, бұл жайт дәлелденуге тиіс.

Азаматтардан арыз түссе, полиция міндетті түрде хаттама толтырып, айыппұл салуы керек. Егер көлік иесі айыппұлмен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге құқылы. Егер сотта қолайсыздық тудырғаны дәлелденбесе, сот шешімі жүргізушінің пайдасына шығарылатыны анық, – деп түйіндеді депутат.