ТЖМ құтқарушылары көлігімен суға батқан жүргізушіге көмек көрсетті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, бүгін Екібастұз-Майқайың автожолында 1985 жылы туған жүргізуші шинасының жарылуы салдарынан көлікті басқара алмай, жолдан шығып Тұз көліне түсіп кеткен.
Көлікте жалғыз болған ер адам салоннан көліктің төбесіне өздігінен шықты. Осыны көрген куәгерлер 112 нөміріне қоңырау шалып, болған жайтты хабарлады. Кәсіби құтқарушылар зардар шегушіні жағаға эвакуациялап, жедел медициналық жәрдем бригадасына табыстады. Сондай-ақ, көлік құралын да судан сүйреп алып шықты, – делінген хабарламада.
ТЖМ көлік құралдарының техникалық жағдайын үнемі тексерудің маңыздылығын еске салады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Семейде көлігімен Ертіске бата жаздаған ер адам құтқарылғанын хабарлаған болатынбыз.