Көкшетауда бопсалаушылар тобы ұсталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Өткен демалыс күндері Көкшетауда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес құрылымы, патрульдік полиция және жедел басқару орталығы қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерімен бопсалаушылар тобының әрекеті тоқтатылды.
Жедел қызметкерлердің мәліметінше, бопсалау фактісі бойынша арыз Астана полициясына түскен. Елорда тұрғыны белгісіз адамдар ұлын заңсыз ұстап, одан 200 мың теңге бопсалап жатқанын хабарлаған.
Полиция қызметкерлері әйелдің берген мәліметі бойынша қаскүнемдердің жүретін көлігін анықтады. 1 наурызда көрсетілген көлік Көкшетаудағы жедел басқару орталығының камераларымен тіркелді. Автокөлік туралы ақпарат дереу патрульдік жасақтарға жіберілді. Көлік тоқтатылып, жүргізуші мен жолаушылары полицияға жеткізілді. Іс жүргізу барысында бір жолаушыдан 45 түйіншек табылды, олардың синтетикалық есірткі болуы мүмкін. Тәркіленген түйіншіктер сараптамаға жіберілді, – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері екі күдіктінің бопсалау фактісіне қатыстылығын тексеріп жатыр. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды, қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.