$ 448.44
 514.81
 5.33

«Кітап оқудан да кем қалмайық»: Журналист қазақ қоғамындағы маңызды мәселені көтерді

Редактор
22.09.2026, 15:25
әлеуметтік желіден
әлеуметтік желіден
Журналист Алмат Әбдіраман қазақ қоғамын кітап оқуға шақырды

Журналист Алмат Әбдіраман қазақ қоғамындағы кітап оқу мәдениеті, үздіксіз білім алу және интеллектуалдық дамудың маңызы туралы пікір білдірді. Ол «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына тіркеліп, 15 кітап оқуға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Журналист әлеуметтік желідегі жазбасын «Кімнен кембіз?» деген сауалдан бастаған. Оның пікірінше, қазақ халқының білім мен ғылымды игеруге қабілеті жеткілікті. Алайда басты мәселе сол мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдаланып жүргенімізде.

«Біреуден ақылымыз кем, зердеміз жұтаң болып туған жоқпыз. Теңбіз. Онда мәселе қайда? Сол мәселе қабілетте емес-ау, қабілетті қалай пайдаланатынымызда шығар. Білімді қаншалықты үздіксіз, үзбей толықтырып отырмыз?» – деп жазды Алмат Әбдіраман.

Ол қазіргі ақпарат тасқыны жағдайында адамдардың кітап оқуға бөлетін уақыты азайып бара жатқанына назар аударды. Журналистің пайымдауынша, әлеуметтік желідегі қысқа ақпаратты жылдам қабылдау мен кітапты терең түсініп оқу – екі бөлек нәрсе.

Әбдіраман кітап адамның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, өзгенің пікірін түсінуге, ақпаратты салыстыруға және сыни ойлауға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Абайдың жиырма бесінші қара сөзін мысалға алып, заманның озық ғылымы мен білімін меңгеру қажеттігін еске салды.

Журналист Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зерделі ұлт қалыптастыру бастамасына да тоқталды. Оның түсіндіруінше, зерделі ұлт дегеніміз – тек көп білетін адамдар емес, үнемі ізденетін, сұрақ қойып, оқығанын саралай алатын қоғам.

Осы орайда ол «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысуға шешім қабылдағанын жеткізді. Журналисттің айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың жобаға қатысуға шақырған үндеуінен кейін арнайы сайтқа тіркелген.

«Содан кейін reading-nation.kz сайтына тіркелдім, күні кеше. Алдымда 15 кітап тұр. Оқып, кейін интеллектуалдық сайыста білімімді сынап көрмекшімін», – деді ол.

Алмат Әбдіраман марафонға жүлде алу немесе көпшілікке өзін көрсету үшін емес, жеке дамуы мен ортақ іске үлес қосу мақсатында қатысып отырғанын айтты.

«Кімнен кембіз?» деп сұрадым ғой. Анығында, ешкімнен кем емеспіз. Ендеше, білім мен ізденіс, кітап оқудан да кем қалмайық», – деп түйіндеді журналист.

Мұндай мақалаларды Google Drive арқылы тікелей Google Docs-та өңдеп, редакцияға ортақ нұсқасын сақтай аласыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау